Бұл әулеттің тарихы – бір дәуірдің шежіресі. Елдің ауыр кезеңдері мен қуанышты сәттері, еңбек пен ерлік, білім мен парасат – бәрі осы әулет өмірінен көрініс табады.
1917 жылы Алматы облысы, Кеген ауданының табиғаты көркем Саты ауылында Дауталиев Сәрсенбай дүниеге келді. Жастайынан еңбекке араласып, адалдық пен жауапкершілікті бойына сіңірген ол, болашақта ел мүддесіне адал қызмет еткен тұлғаға айналды. 1938 жылы 21 жасында әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Ұлы Отан соғысы басталғанда №296 кавалерия дивизиясының эскадронына қабылданып, бөлімше командирі болып тағайындалды. Әскери шені – аға сержант.
1941 жылы ол генерал Панфилов басшылық еткен даңқты 28-панфиловшылар дивизиясының құрамында болып, сұрапыл шайқастарға қатысты. 1942 жылы жараланып, госпитальда емделсе де, майданға қайта оралып, 1944 жылға дейін жаумен шайқасты. Жеңістен кейін Алматыдағы Тастақ әскери комиссариатында қызмет етіп, жас сарбаздарды Ресей, Украина, Беларуське аттандыру ісінде еңбек етті.
1947 жылдан бастап туған өлкесі – Кеген, Жалаңаш, Саты ауылдарында есепші әрі дайындаушы болып, ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Кейін тұтынушылар қоғамында қарапайым есепшіден аудандық тұтынушылар одағының атқарушы директоры дәрежесіне дейін көтерілді. Оның бастамасымен Кеген ауылында алғашқы наубайхана мен шайхана ашылды. 1960 жылы Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде «Совет саудасының үздігі» атағына ие болды. 1964 жылы ҚазПС кооперативтік техникумын сырттай оқып, тауартанушы мамандығын үздік тәмамдады. 1985 жылға дейін аянбай еңбек етіп, зейнетке шықты. 1990 жылы 73 жасында өмірден өтті.